Ахмет Байтұрсынов атындағы № 23 орта мектепте 5,6,7,8,9 сынып оқушылары арасында "салауатты өмір салты және тұмаудың алдын алу" тақырыбында кездесу өткізілді. Іс-шара барысында № 3 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Мөлдір Хайдар мен "Үміт" жастар денсаулығы орталығының маманы Гүлайым Телеубаева иммунитетті нығайтуға, вирустармен жұқтыру мүмкіндігін төмендетуге бағытталған шаралар кешені туралы дәріс оқып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Мамандардың айтуынша, суық мезгілдің басталуымен жедел респираторлық инфекциялармен ауыратындар саны күрт артады. Егер сіз суық ауа райының келуіне алдын-ала дайындала бастасаңыз, тұмаумен ауыру қаупін азайтуға болады. Алдын алу шараларына салауатты өмір салтының барлық негізгі принциптерін жатқызуға болады: дұрыс тамақтану, күн тәртібі, физикалық белсенділік және т.б. Сондай-ақ, вируспен аз байланыста болатын және сол арқылы денсаулықты сақтауға көмектесетін гигиеналық шаралар туралы ұмытпағаныңыз жөн. Іс-шара барысында тұмаудың алдын алу және қол жуу туралы брошюралар таратылды.